Шымкентте 7 сынып оқушысы дене шынықтыру сабағынан кейін көз жұмды
Шымкентте жетінші сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында ауырып қалды, кейін ол жедел жүрек-өкпе жетіспеушілігінен жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
12 жастағы жеткіншек Шымкенттегі дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған лицей-интернатта оқыған. 19 қараша күні ол дене шынықтыру пәнінде өзін нашар сезінген. Мұғалім оны жеке кабинетіне апарып, мектеп дәрігерін шақырған. Екеуі артынша жедел жәрдем шақыртыпты.
Оқушы бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Алайда, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болған жоқ.
«Біз ауруханаға хабарласып, оқушының жағдайы туралы ақпарат сұрадық. Алайда, қарашаның 20-сы күні баланың анасына хабарласқанымызда оның түнде қайтыс болғанын білдік. Жедел жүрек-өкпе жеткіліксіздігі диагнозы қойылыпты», - деді №1дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың директоры.
Ал, қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның сөзінше, алғашында балада пневмонияның симптомсыз түрі болған деген болжам айтылған. Алайда, ол диагноз расталмапты.