Қазақстанда жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі заманғы баспасөз қызметі» атты оқу құралы қазақ тілінде шығарылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің студенттері, магистранттары мен докторанттары, кәсіби журналистер еліміздегі баспасөз қызметтерінің негіздерін зерттеуге мүмкіндік алды.
Көлемі 282 беттік «Қазіргі заманғы баспасөз қызметі» оқулығында бұқаралық коммуникация стратегияларына талдау жасалып, аудиториямен қарым-қатынастың концепциялары мен тактикалық жоспарлары талқыланады, сондай-ақ маркетингтік коммуникациялар, жұртшылықпен байланыстың міндеттері, функциялары мен қағидаттары және қазақстандық аудиторияға бейімделген жарнама туралы сөз қозғалады. Сондай-ақ, оқулық Қазақстан баспасөз қызметтерінің тарихы мен коммуникациялық қызметтер нарығындағы қазіргі жағдайды талдайды.
Заманауи ақпараттық әлемде кең аудиторияға маңызды ақпаратты сапалы және уақтылы жеткізе алатын мамандарға деген қажеттілік артты. Қазіргі таңда Қазақстандағы әрбір мемлекеттік орган мен жүздеген жеке компаниялар ішкі баспасөз қызметі жұмысын ұйымдастырды.
Оқулықтың жеке тарауы еліміздегі ірі салық төлеуші болып табылатын «Теңізшевройл» кәсіпорнының табысты тәжірибесінің мысалында мұнай-газ саласындағы коммуникациялардың ерекшелігіне арналған. Кітапта жұртшылықпен байланыс (PR) және үкіметпен байланыс (GR) бағыттарына жан-жақты шолу, сондай-ақ заманауи менеджменттің ерекшеліктері және әлеуметтік инвестициялар саласындағы жұмыс жан-жақты қамтылған.
Кітаптың тұсаукесерінде осы бағытты 10 жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқан «Теңізшевройлдың» үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев өз жұмысының озық тактикаларымен бөлісті.
«Жұртшылықпен және үкіметпен жұмыстағы ең басты нәрсе- интеграцияланған тәсіл. PR және GR ұғымдарын бөлмей, стандартты мәселелердің шығармашылық шешімдерін іздеудің маңызы зор.
Мен үшін, туған ауданымның, облысымыздың, сайып келгенде еліміздің әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесуді жалғастырып, тұрғындарға дұрыс ақпарат жеткізу, сондай-ақ, мемлекеттік органдармен жұмысты барынша тиімді жолғабасты міндет».
Оқулық авторы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің профессоры Жетпісбай Бекболатұлы «Банк ТұранӘлем» акционерлік қоғамының, ҚР қаржы нарықтары мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің баспасөз қызметі жұмысын сәтті ұйымдастырған.
- Ұзақ уақыт бойы ақпараттық менеджментпен айналыса отырып, жұртшылықпен тиімді байланыссыз аудиториямен өзара тиімді, үйлесімді қарым-қатынас орнатудың, әлеуметтік, саяси және экономикалық процестерді дұрыс түсінудің мүмкін еместігіне көзім жетті. Аталған оқулықтың басты мақсаты - студенттерге табысты мансап үшін қажетті ақпараттық-коммуникативтік және креативті технологиялардың құралдары мен әдістерін меңгеруге көмектесу. Мен Рзабек Артығалиев сияқты мамандарға тәжірибе мен білім түрінде мұра қалдырып, саланың және жас ұрпақтың дамуына өз үлесін қосқаны үшін ризашылығымды білдіремін, - деді автор.
Бұған дейін Жетпісбай Бекболатұлы қазақ тілінде «Жұртшылықпен байланыс», «Жарнама негіздері», «PR және жарнама», «Жұртшылықпен байланысқа кіріспе», «Жарнама өнері», «Ел брендингі» оқулықтарын басып шығарған болатын. Сонымен қатар, Ж. Бекболатұлы «Банк терминдері мен ұғымдарының қазақ-орыс сөздігі», «Орыс-қазақ қаржы сөздігі», «Қазақстан-орыс банк сөздігі» және «Қаржы және экономикалық терминдердің орыс-қазақ сөздігі»атты кітаптарды құрастырды.
2010 жылдың басында Польша мемлекетінің сыртқы істер министрлігінде республикалық «Экономика» газетінің аккредитациядан өткен тілші болып жұмыс істеп, елдегі алғашқы халықаралық журналист болды.