«Алтын Орда» базарында адам саудасы тіркелді
«Алтын Орда» базарында екі мың теңгеге сатылған 40 жастағы азамат анықталды. Астана телеарнасы базарда сатылған азаматтың жақындарымен тілдескен. Ақшаға сатылған азаматтың қарындасы оқиғаның мән-жайы туралы айтып берді.
Әсияның ағасы Тараздағы базарлардың бірінде етікші болып, нан тапқан. Табысы мардымсыз болғандықтан, Алматыға жол тартыпты. «Алтын Орда» базарында 40 жастағы ер адамды әлдекім екі мың теңгеге сатып алған дейді.
– Бір көлік келіпті, киімдерін, құжаттарын алуға. Сосын ағам әпкемізге айтыпты, мені жібермеші, алдап-сулап алып келдім мыналарды киімдерімді аламын деп. Сөйтсе алып келгендер айтыпты, біз бұны екі мың теңгеге сатып алғанбыз деп. Сонда «Алтын Орда» базарда есту-сөйлеу қабілеті кем адамдарды сатады екен. Алматыда бір фирмада ұстап отырған екен, ұрады, тепкілейді, – дейді қарындасы Әсия.
ҚР ІІМ криминальдық полиция департаменті бастығының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов басқа қалаға сапар шекпес бұрын құжаттардың көшірмесін туыстарға қалдырып кеткен жөн болатынын ескертті.
– Ешкімге жеке құжаттарыңызды бермеңіздер, жұмыс түрін анықтап алыңыздар. Басқа қалаға немесе елге шықпас бұрын құжаттарыңыздың көшірмесін қалдырып кетіңіздер және мекен-жайыңызды жақындарыңызға айтып қойыңыз, – деді Нұрмағамбетов.