Миллиондаған медаль жауса да, бас мүфтиге бір марапат бұйырмады – Ораз Әлімбеков
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында президенттің Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Журналист Ораз Әлімбековтің айтуынша, осындай мол марапатқа ие болғандардың қатарында еліміздің Бас мүфтиі жоқ.
- Қазақстанның Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында біраз ел орден-медальға қарық болды. Тіпті алдында ғана сөгіс алып, жұмысынан қуылып кете жаздаған басшылардың да кеудесіне жарқыратып медаль таққанын жұрт көрді. Астанадан әрісі орден-медаль, берісі Алғыс хат арқалап қайтқандардың ішінен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов көрінбеді. Жалпақ тілмен айтқанда «иттің итақайы» тағып алған салпыншақ темір-терсектің бір де біреуі бас мүфтидің кеудесіне қадалмағанын жамағат жаман ырымға жорыды, - дейді ол.
Сондай-ақ, журналист елдің билігі бас мүфтиді мұндай марапатқа лайық емес деп санағанын да айтты.
- Жығылғанға жұдырық деген осы шығар. 13 желтоқсанда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кітапханасында ең жоғарғы мемлекеттік марапатқа ие болғандардың арасында Қазақстандағы православ шіркеуінің басшысы митрополит Александр болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен митрополит Александрға елдегі ең жоғарғы марапаттың бірі – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Ұлт Лидері Нұрсұлтан Назарбаев» ордені табыс етілді. Бұл - Қазақстандағы беделі жағынан 3-ші тұратын орден. 20 жыл ішінде мұндай орденді 39 адам ғана алған. Орден Қазақстанның өркендеуі мен даңқын асыру жолындағы аса маңызды мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін беріледі.
- Елбасы Н.Назарбаев Астана және Қазақстан Митрополиті Александрды марапаттап тұрып, конфессияаралық диалогты ілгерілетудегі, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтаудағы Православ шіркеуінің маңызды рөлін атап өтті. Қазақстан билігі «бас мүфти Наурызбай Өтпенов мұндай орден түгілі мерейтойлық медальға, мақтау қағазға да тұрарлық марапатқа лайық емес» деп тауып отыр. Яғни, ол еліміздегі «конфессияаралық диалогты ілгерілетуге, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға» дым үлес қоспаған. Арабшасы шала-шарпы екенін ғалымдар бетіне басса да шімірікпейтін, оқыған оқуы мен алған біліміне, тіпті туған жері мен шыққан тегіне байланысты үлкен күмән туса да міз бақпайтын, төңірегіне ақшадан басқаны ойламайтын күмәнді адамдарды жинап алған, масқара дау-дамаймен асыл дініміздің және мүфтияттың абыройын түсірген Н. Өтпеновті билік не деп марапаттайды?! Олай жасаса, мұны мұсылман жамағаты да, былайғы жұрт та түсінбес еді, - деді Әлімбеков.
Ораз Әлімбеков бас мүфтидің марапатсыз қалуы оның қызметінен кетуінің алғышарты болуы мүмкін екенін де жасырмады.
- Әдетте, қазақ қоғамында марапаттан құр қалған лауазымды тұлғаның көп ұзамай қызметінен айырылатын дәстүр бар. Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алғаш рет аз ғана уақытта жаманаты жер жарған бас мүфти Наурызбай Өтпеновке де тықыр таянған сияқты. Оның қай күні бас мүфти қызметінен қуылатынын біліп те отырмын. Бірақ көріпкелдей көсілмей, Құдайға серік қосқандай болып қапталдан қатарласа жарысып шаңдатып өте шықпайын дедім. Адамзаттың тағдыры Ұлы Жаратушы иеміздің қолында ғой, - деп жазды Әлімбеков Facebook-те.