Ресейде Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші салыну керек – депутат
Алматыдағы Ахметов Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтына ерекше мәртебе беріп, қаржылай қолдау көрсету қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса депутаттық сауалында айтты.
- Ғылым академиясының ғимараты – Қазақ ғылымы мен руханиятының символы, қасиетті орда. Осы іргелі ғимараттың жанынан, қазірде ұлт ұстазының аты берілген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына кіреберіс жағынан кезінде Қаныш Сәтбаев түрлі төтенше жағдайлар салдарынан ғылыми мұраны қорғау үшін, бомбадан паналаушы үлкен жертөле жасатқан. Жекелердің қолына өтіп кекткен сол жертөле ұлттық намысқа тиетін, қазақ ғылымының киелі орнын былғап, Ұлт Ұстазының асыл рухын аяққа таптап, әруағын шулататын «Марка» гей-клубы мен “Барвиха» түнгі клубтарына айналған.
Тойып секіргендер мен біржыныстылардың жын-ойнағы киелі орынды ластап жатыр. Кезінде елді шулатқан Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойған билборд осы үңгірден шыққан... Кейін зиялы қауымның шу көтеруімен ол жарнама зорға алынып тасталды, бірақ гей-клуб пен түнгі клуб әлі дүрілдеп жұмыс істеуде... Қазақ үшін күрескен қасиетті тұлға, Ұлттың Ұлы Ұстазы Ахаң атындағы Тіл ордасының астында жын ордасы ойнақ салып жатуы ешқандай елдің ұғымына сыймайды! Бұл жынойнақты шұғыл тоқтатуды талап етеміз! Осы жынойнақ орындарды жауып, ғимаратын Ғылым ордасының меншігіне алу керек, - дейді депутат.
Ол келесі жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы тойланатынын айтты. Депутат елорда мен барлық облыс орталықтарында Ахаңның ескерткіші тұруы тиіс екенін, Ресейде Орынборда, Анкарада, Ташкентте, Бакуде ескерткіштерін орнату керектігін айтты.
Сондай-ақ, Қазыбек Иса 2022 жылды Қазақстанда мемлекеттік тіл жылы деп жариялауды да ұсынды.