Смайылов екі өңір әкімдерінің орынбасарларын жауапкершілікке тартуды тапсырды
Бүгін үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Инвестициялық штаб отырысы өтіп, инвестициялар тарту бойынша 2021 жылы нысаналы индикаторлардың орындалу қорытындысы және 2022 жылға арналған жоспарлар қаралды.
2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 13,2 трлн теңгені құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 7,3%-ға артық. Инвестициялар өсімінің негізгі локомотивтері экономиканың шикізаттық емес секторлары болды. Мәселен, инвестициялардың нақты көлем индекстері өңдеу өнеркәсібінде 1,4 есе, құрылыста 1,2 есе, ауыл шаруашылығында 1,3 есе өсті.
primeminister.kz мәліметінше, Республика бойынша негізгі капиталға инвестициялар тарту бойынша жылдық жоспар 94%-ға орындалды. Нысаналы көрсеткіштер Шымкент қаласында (115,5%), Ақтөбе (101,8%) және Қостанай (101,3%) облыстарында асыра орындалды. Қарағанды облысында (99,9%), Алматы қаласында (99,8%), Атырау (99,1%), Жамбыл (97,4%), Павлодар (96,2%) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (96,1%) сәл артта қалушылық бар. Шығыс Қазақстан (92,1%) және Маңғыстау (90,8%), Алматы (89,7%), Ақмола (89,4%), Түркістан (82,5%), Солтүстік Қазақстан (80,4%) облыстарында жоспар орындалмаған. Ең төменгі көрсеткіштер Батыс Қазақстан (69,6%) және Қызылорда (66,4%) облыстарында тіркелді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша аталған екі өңір әкімдерінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
- Көш соңында қалған өңірлер белгіленген KPI қатаң сақтау қажеттігіне назар аударуы тиіс. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбегені үшін әкімдерге дербес жауапкершілік жүктеледі. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастырсын, — деді Ә. Смайылов.