Бейнеу тұрғыны ойын клубын өртеп жіберді
3 ақпан күні Маңғыстау облысы Бейнеу ауылының тұрғыны лотерея клубын өртеп, видеоға түсіріп алған.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ойын клубының өртеніп жатқан сәті таралып кетті.
– Мына лото, шарик, рулетка, олимп, 1хбет, фонбет жалпы букмекерлік конторалар қазақтың түбіне жетті. Мен, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы тұрғынымын. Осы ойынды ойнап келе жатқаныма 20 жылдан көп уакыт болды. Бұл азарт ауру ма, білмеймін. Осы уақытқа дейін сол жылдарда «200 000 000 теңге ұтылдым» деп айтуға болады. Осы Азарт менің түбіме жетті, – деді өртегенін камераға түсіріп алған ер адам.
Полицейлер Қылмыстық кодекстің 202-бабы «Бөтен адамның мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша тергеу жұмыстарын бастады.
– Оқиға орнына жеткен полиция тобы ер адамды ұстады. 36 жастағы ер адам кінәсін мойындады. Сондай-ақ ол WhatsApp мессенджерінде Loto ойын клубын қалай өртеп жібермекші болған видеоны таратқанын айтты, – деп хабарлады Маңғыстау облысының полиция департаменті.