Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер бейне форматта жалғасады
Украина мен Ресей делегациялары арасындағы келіссөздер бейне форматта жалғасып жатыр. Бұл туралы Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Twitter-де мәлімдеді.
- Ресей делегациясымен келіссөздер бейне форматта үзіліссіз жалғасуда. Арнайы жұмыс топтары құрылды, - деп жазды ол.
Ресей президенті Владимир Путин 12 наурызда Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Олаф Шольцпен телефон арқылы сөйлескен кезде «соңғы күндері» Ресей мен Украина өкілдері арасында бірқатар келіссөздер жүргізілгенін айтты.
Украина президенті Владимир Зеленский 12 наурызда өткен баспасөз мәслихатында келіссөздердің барысы туралы «Бір топ украиндықтар мен ресейлік өкілдер кейбір басқа мәселелерді талқылап жатыр» деді.
Еске сала кетейік, келіссөздердің алғашқы үш раунды Беларусьте өтті: 28 ақпанда – Гомель облысында, 3 және 7 наурызда – Брест облысындағы Беловежская пущада. Бұған дейін хабарланғандай, екінші раунд барысында тараптар азаматтарды эвакуациялау, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу үшін гуманитарлық дәліздерді бірлесіп қамтамасыз ету туралы келісімге келген.
Фото ашық деректерден