Нұрлан Мәсімовке іздеу жарияланды
Полиция генерал-майоры Нұрлан Мәсімов пара алды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәлімдеді.
- Павлодар облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Павлодар облысы полиция департаментінің экс-бастығы полиция генерал-майоры Н.М. Мәсімовке қатысты аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеуді бастады (Қылмыстық кодекстің 366-бабы, 4-бөлігі бойынша), - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша оның әрекеті сырттай сараланып, тергеу соты оған қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
- Қазіргі уақытта Н. Мәсімовке іздеу жарияланды, іс бойынша оның орналасқан жерін анықтау үшін қажетті жедел-іздестіру іс - шаралары және істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған басқа да тергеу іс-әрекеттері жүргізілуде, - деп толықтырды Антикор.
Ведомство тергеу нәтижелері бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданатынын атап өтті. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Фото:gov.kz