Смайылов КҚК-дағы апат туралы айтты
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен «Каспий Құбыр Консорциумы» АҚ бас директоры Николай Горбань қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында қазіргі кезде мұнай құбырының өткізу қабілетіне қойылған шектеулер алынып тасталғаны және қазақстандық жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау толық көлемде қалпына келтірілгені айтылды.
– КҚК теңіз терминалында зақымдалған жылжымалы айлақ құрылғыларын жөндеу жұмыстары аяқталғанына қуаныштымыз. Бұл шектеулерді алып тастауға және Қазақстанда мұнай өндіруді толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік берді, - деді Смайылов.
Сондай-ақ, Теңіз кен орнын болашақта кеңейту жобасы аяқталғаннан кейін қосымша мұнай көлемін тасымалдау үшін КҚК құбыр жүйесінің осал жерлерін жою жобасын уақытылы іске асырудың маңыздылығына тоқталып, тапсырма берді.
– КҚК мұнай құбырын одан әрі апатсыз және үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл үшін барлық қажетті шараларды қабылдау керек деп санаймын, - деді Үкімет басшысы.
Фото: primeminister.kz