Мамыр айынан бері 33 коллекторлық ұйым жабылды
Ағымдағы жылдың екінші тоқсанынан бастап тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі аясында халыққа берілетін несиелердің өсуі байқалады. Егер бірінші жартыжылдықта жеке тұлғаларға берілген несиелердің өсімі 13,6%-ды құраса, 9 айда 27,5%-ға, ипотекалық несиелер 22,6%-ға жетті.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
Қазақстан қаржыгерлерінің IX съезі аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ақпаратпен бөлісті.
Тұтыну және ипотекалық несиелендірудің жоғары өсу қарқыны қаржылық тұрақтылыққа әлеуетті тәуекелдер туғызады және халықтың борыштық жүктемесінің артуына әкелуі мүмкін. Осы тәуекелдерді тежеу үшін олардың халықтың борыштық жүктемесіне және қаржы институттарының жүйелі тұрақтылығына әсер ету дәрежесіне қарай макропруденциалдық саясат құралдары қолданылатын болады.
Жалпы, борыштық жүктеменің өсуін тежеу мақсатында несие беру кезеңінде және оған қызмет көрсету процесінде қарыз алушылардың құқықтарын қорғау бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылды.
Борыштық жүктеменің 50 пайыздық нормасы (БЖҚ) енгізілді, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие беруге тыйым салынды, сондай-ақ 90 күн кешіктірілгеннен кейін өсімпұлдар мен комиссияларды есептеуге тыйым салынды.
Мерзімі өткен берешекті өтеу тәртібі күшейтілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында мерзімі өткен берешекті сотқа дейін реттеудің бірыңғай тәртібін көздейтін заң қабылданды.
Несиелік тарихы нашар қарыз алушыларға көмек берілді, бұл 1,9 миллион азаматтың мәртебесін оңалтуға мүмкіндік берді. Капиталдың ең төменгі мөлшерін белгілеу және қарыз алушылармен өзара іс-қимылды міндетті түрде бекіту арқылы коллекторлық ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтілді. Айта кетейік, мамыр айынан бері 33 жосықсыз коллектор жабылды.