Абай шахтасында қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылады
Қарағанды облысындағы Абай шахтасында қаза тапқан кеншілерге ескерткіш орнатылады.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
– Компания ескерткіш орнатуға дайын. Бұл келісімге бүгін қол жеткізілді, – деп хабарлады «Қорғау» көміршілер кәсіподағы.
ҚазТАГ мәліметінше, «Абай» кенішіне иелік ететін «АрселорМиттал Теміртау» (АМТ) басшылығымен келісім жасалған. Еске салайық, 7 қараша күні Қарағанды облысындағы Абай шахтасында алты адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған еді.
Төтенше жағдайлар министрлігі бұл оқиғаны «метан бөлінуі» деп түсіндірді, полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады. Оқиға кезінде барлығы 64 кенші болған. Екі зардап шегуші жансақтау бөліміне жатқызылды. Төтенше жағдайлар министрлігі зардап шеккендердің аты-жөнін хабарлады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты. Үкіметтік комиссия құрылды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин 7 қараша күні кешке Абайдағы қайғылы оқиғадан кейін барлық шахталардың жұмысы тоқтатылғанын айтты.