Талғат Рысқұлбеков: 16 желтоқсанда митинг өткізгендердің аяғын сындырамын дедім
Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туған інісі «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Рысқұлбеков stan.kz-ке сұхбат беріп, алаңда болған оқиғалар туралы ашып айтты.
Ағасының бала күнінен бастап өте әділ адам болғанын айтқан ол Қайраттың өлім жазасына кесілер алдында да шындықты айтып кеткенін жеткізді.
- Мектеп бітіргенше сауық кештеріне бармайтынмын. Қайрат достарымен отырыстарына шақыратын, ал менің барғым келмейтін. Тек оқу, спорт деп қана жүрдім. Қайрат өте әділ болатын. Отбасымызда сондай тәрбие берілді. Әкеміз басыңды кесіп алса да, өтірік айтпа дейтін. Ал анамыз "Өзің білме, білгеннің тілін алма" деген қарғысқа түсіп қалмаңдар деп отыратын. Ұяда осындай нәрсе көрген біз қандай болып өсуіміз керек еді?! Қайрат та өлім жазасына кесілер кезде шынын айтып кетті, - деді ол.
Дәл сол күні ешкімнің медаль алу үшін күрепегенін айтты. Рысқұлбеков алаңға Жоғарғы милиция училищесінің 3 курс студенттерін қойғанын да еске алды. Жиналған көпшілікке Нұрсұлтан Назарбаев күш қолданылуы мүмкін екенін ескерткен.
- 1986 жылы Дінмұхамед Қонаевты Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшы қызметінен алып, орнына Геннадий Колбин басшы болып келді. Алаңға барып, "Менің елім" деп ұрандатып тұрдық. Адам көп, әскерилер трибунаны қоршап тұрды. Бірінші қатарға Жоғарғы милиция училищесінің 3-курс студенттерін қойды. Трибунаға шығып сөз сөйлеп жатты. Меңдібаев дегендер шықты, бірақ оларды қармен атып қуып жібердік. Солардың арасында тек Нұрсұлтан Назарбаев қасымызға келді. Бізге күш қолданылуы мүмкін, сендерді аяп тұрмын, қайтыңдар деп айтты.
- Біраз уақыттан соң үкімет үйінен адамдар келіп, талаптарың болса, Колбинге айтыңдар деді. Сөйтіп ақылдасып, төрт адам шықты. Әлі есімде, сол төрт студенттің арасында Ахметова деген қыз болды. Заң мен Лениннің ұлттар жөніндегі тезисін негізге ала отырып, әр елді, әр облысты сол жердің тумасы басқару керектігін айтып берді. Айтқанының бәрі шын. Сол кезде олардың қолдарын қайырып, трибунадан алып кетті. Қазір сол Ахметова деген қыздың қайда екенін білмеймін.
Студенттер мен әскерилер арасындағы қақтығыс осыдан кейін басталды. Мұны ешкім айтпайды. Алаңға келген уақытта милиция училищесінің 3-курсында оқитын жігітпен таныстым. Жерлесім екен. Ол да Мойынқұмнан. Сөйтіп сөйлесіп тұрғанда шу басталды. Жерлесімді ұра алмадым, жанында тұрған солдатты жұдырықпен салып қалдым. Алдыңғы қатарда тұрып, өз талаптарын айтқандар қазір жоқ. Қайрат болды, мен болдым. Ешкім медаль алу үшін, Желтоқсан ұйымын құрамыз деп ұмтылған жоқпыз, - деді Талғат Рысқұлбеков.
Оның пікірінше, 16 желтоқсанды қаралы күн десек те, жаңа жыл мерекесі секілді тойлау керек.
- Бұрын да айтқам, әлі де айтып келе жатырмын. Егер 16 желтоқсанда бала-шағасын, әйелін қосып алаңға келіп, митинг өткізетін болса, аяқтарын сындырамын дедім. Иә, үкімет төлеуі керек шығар, көмектесуі керек шығар. Бірақ әйелін, отбасын асырай алмаса, несіне еркек болып жүреді. Қазақ еш уақытта ханның алдына бала-шағасын, әйелін жіберіп қойып отырмаған. Желтоқсанда біз ұлттық мүддені қорғап шықтық. Тәуелсіздік жолында бауырым құрбан болды. 16 желтоқсан – қастерлі күн. Тәуелсіздік күнін тойлауымыз керек. Жаңа жылды да тойлап жатырмыз ғой. Сондықтан Қайраттың қанымен келген елдің берекесін бұзуға жол бермеймін, - деді «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.