Конституциядан Назарбаев туралы барлық нормалар толығымен алынып тасталады - Бәшімов
Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры және конституциялық түзетулер жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Марат Бәшімов Ата заңнан тұңғыш президент туралы нормалар толығымен алынып тасталатынын мәлімдеді.
Марат Бәшімов жұртшылық Конституциялық реформаның барлық тармақтарын, соның ішінде тұңғыш президентке қатысты жекелеген нормаларды Конституциядан алып тастау туралы түзетулерді қолдағанын атап өтті. Бұл тұңғыш президенттің қатарынан екі реттен артық сайлану құқығы туралы норма және оның мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады деген норма.
- Сонымен қатар, 91-бапта тұңғыш президент мәртебесінің тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде өзгермейтіндігі туралы норманың сақталуы қоғамда айтарлықтай қарама-қайшылық тудырды. Сондықтан Конституцияға түзетулер жобасын әзірлеген жұмыс тобының кейбір мүшелері мемлекет басшысына тұңғыш президенттің тарихи рөлін Ата заңнан алып тастау туралы ұсыныс жіберді, өйткені ол ешқандай құқықтық жүктеме көтермейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті болғаны тарихи фактінің өзі ерекше заңды бекітуді талап етпейді, - делінген хабарламада.
Жұмыс тобы мүшелерінің пікірін ескере отырып, Конституциялық Кеңеске қосымша өтініш жолданды. Қорытынды отырыстың нәтижелері бойынша Кеңес Конституцияға түзетулер жобасының конституциялылығы туралы шешім шығарды.
- Осылайша, түзетулер жобасына сәйкес, тұңғыш президент, оның мәртебесі мен өкілеттігі туралы барлық нормалар Конституциядан толығымен алынып тасталады. Бұл жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның демократиялық бағытын тағы да көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы сөз жүзінде емес, іс жүзінде өзінің "халық үніне құлақ асатын мемлекет" қағидаттарына берік ұстанымын тағы да растады, – деп жазды Марат Бәшімов.