Алаш автономиясының мемлекеттік туы қандай болды?
Алаш Ұлттық Жерлі Аутономиясының мемлекеттік туы туралы түрлі болжам, алып-қашпа пікір бар. Қазіргі Қазақ елінің аумағында алғаш рет зайырлы мемлекет болып дүниеге келген Алаш Республикасының туы ислам мемлекеті болғанын білдіретін жасыл болды деген жаңсық пікірмен қатар, туы ақ түсті болды деген ресми дерек те бар. Ал тарихи деректер Алаш туының тіпті басқа болғанын бұлтартпай дәлелдейтін дереккөзі де жоқ емес.
Алаш тарихында әлі тиянақты зерттелмеген, жұмбағы ашылмаған маңызды сәттері аз емес. Ашықтан-ашық бұрмалау, алып-қашпа пікірлер одан да көп. Мысалға кейбір тарихшы, оның ішінде отандық тарихшылар да (Асылбек Бейсенбаев, Алматы), шетелдік зерттеушілер де (Дина Аманжолова, Мәскеу, РФ) бар, «Алаш автономиясының басшылары Ресейден бөлініп тәуелсіздік алуға ұмтылмады» десе, енді біреулер Алашты «жарияланбаған автономия» деп жерден жеті қоян тапқандай жар салды (Мәмбет Қойгелдиев, Алматы). Оқта-текте болса да Алаш қайраткерлерінің өсиет сөздерін өз білгенінше бұрмалайтындар тағы ұшырасады.
Әйтсе де Алаш Ұлттық Жерлі Автономиялық Республикасының тарихынан әлі ашылмай келе жатқан аса маңызды бір сыры – оның мемлекеттік рәміздері. Алаштың мемлекеттік елтаңбасын (гербін), туын, әнұранын қабылдап үлгерді ме, үлгерсе олар қандай болды? Бұл сауалдарға осы күнге дейін көпшіліктің көңілінен шыққан тиянақты жауап болмай келеді.
Алдымен әнұраннан бастайық. Алаштың бір емес, сазымен (музыкасымен) бірге бірнеше әнұраны жазылғанын көпшілік біле бермейді. Ол рас. Оның ішінде «Кері заман» атты Алаш әнұранының сөзін Міржақып Дулатұлы жазған болса, музыкасы «Заман-ай» халық әнінен алынды. Тағы бір әнұранды ақын Ғұмар Қараш жазып қалдырды. Ал «Ғаскер өлеңінің», яғни «Алаш маршының» әні мен сөзін де Жүсіпбек Аймауытұлы жазып кеткен болатын.
Алаш Республикасының жоғарғы атқарушы мемлекеттік билігі ретінде жасақталған Алаш Орданың елтаңбаны да жасап үлгергеніне «Қазақ» газетінде жарық көрген «Орда гербі» (таңбасы) атты мақала бұлтартпас куә бола алады (Орда гербі (таңбасы). «Қазақ», 05.01.1918 ж. Орынбор. – 1 б.). Мақаланың «Алаш мемлекетіне Орда деп ат қойылған соң, гербіне Орда суреті болуы лайықтығында дау болмаса керек. Орда мемлекетіне Орда суретін қою ұнамсыз болады деп ешкім айта алмас. Солай болған соң герб мәселесінің негізі шешілгенге есеп» деген жолдары ұлттық жерлі автономиялық республиканың елтаңбасы болғанын дәйектейді.
Ал енді Алаш Орданың мемлекеттік туы төңірегінде түрлі алып-қашпа пікір, ешбір дерек-айғақсыз тұжырым-болжам айтылып та, жазылып та келеді. Алаш Орданың туы жасыл түсті болыпты-мыс - сондай болжамның бірден-бірі (№ 1 фото).
Мұндай жаңсақ пікір 1925 жылдың 19 сәуірінде Иосиф Сталинге, берік қалыптасқан пікір бойынша, Сәкен Сейфоллаұлы (Сейфуллин) жолдаған құпия «домалақ хатынан» туса керек. Хатта жасыл ту жайында мынадай жолдар бар (түпнұсқасын ұсынамын):
«V Всекиргизский съезд открылся в г. Ак-мечете (Перовск). Этот съезд считался первым объединительным съездом, на этом съезде была окончательно объединена вся Киргизия, присоединив к себе Джетсуйскую и Сыр-Дарьинскую области. После открытия съезда, на 2 или 3 день мне один товарищ говорит, что в зале, на самой середине красных знамен, раскинуто зеленое знамя Западного правительства Алаш-орды Досмухамметова с надписью из Корана.
Я не поверил, но вспомнил, что действительно на середине красных знамен стоял какое-то зеленое знамя. Некоторые товарищи возмущались. Алаш-ордынское знамя сняли.
Потом объяснили, что это по незнанию повесил туда какой-то русский из служащих...
Когда обратно, после конца съезда ехали в г. Оренбург, в поезде один бывший работник Алаш-орды, старый учитель, мне хорошо знакомый, теперь сотрудник Наркомпроса, с довольным видом в присутствии двух товарищей сказал мне: «Наконец все вышло в нашему (т. е. по Алаш-орде). Съезд открыли под нашим зеленым знаменем Алаш-орды» (АПРК. Ф. 811, Он.,24, Д243, Лл. 7-17. Фотокопия; Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. - Сәуір 1920-1928 жж. Движение Алаш. Апрель1920-1928 гг. Алматы: «Ел-шежіре», 2007. Т. 3. Кн.1. – 304 с. –С.187-194).
Бұл үзіндіде құпия «домалақ хаттың» авторы (ол мейлі Сәкен болсын, не басқа болсын), Алаш Ордаға екі бірдей жала жауып, оқырманды не саналы түрде, не өзі байқамай адастырып отыр. Біріншіден, тарихта не «Батыс...», не «Шығыс Алаш Орда» немесе «Алаш Орданың Жетісу қанаты» деген болған емес. Алаш Орданы «Батыс-Шығыс» деп жік-жікке бөлген Кеңес өкіметі мен «Тар жол тайғақ кешу» кітабының авторы С. Сейфуллин. Алаш Республикасы үкіметінің Орталық Алаш Орда (оны Кеңес өкіметі «Шығыс Алаш Орда» деп бұрмалап келді) және оның Батыс, Жетісу сынды бөлімдері болған.
Бірақ, екіншіден, Алаш Орда бөлімдерінің өз алдына жеке-жеке мемлекеттік туы, елтаңбасы, әнұраны болуы ешбір санаға қонбайды. Үшіншіден, Алаш Орда туының бірыңғай жасыл түсті болуы тіпті санаға қонбайды. Олай деп үзіл-кесілді айтуға, біріншіден, Алаш Орданың төрағасы Әлихан Бөкейхан дінді мемлекет ісіне араластыруға табанды түрде қарсы тұрды. Оған дәлел ретінде Алаш Ұлттық Жерлі Автономиясын құрудың қақ алдында «Қазақ» және «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған «Мен кадет партиясынан неге шықтым?» атты шағын мақаласынан мынадай үзінді келтіру керек: «Франсұз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді – молла үкіметтен ақша (айлық жалақы) алса, сатылып кетеді, рухани іс аяқасты болады. Жалобание алған моллалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады. Орысша оны «отделение церкви от государства дейді». Алты Алаш көсемі Әлихан міне осы ұстанымын жүзеге асыру үшін кадет партиясынан шығып, соңғы шағын мақаласында жазғанындай, «қазаққа «Алаш» партиясын құруға кірісті» (Бөкейхан Ғали хан. Мен кадет партиясынан неге шықтым? //«Қазақ», 1917.23.12, № 256. Орынбор).
1917 жылдың 5-13 желтоқсанындағы Жалпы қазақ-қырғыз құрылтайында (тарихи дереккөздерде «ІІ Жалпы қазақ-қырғыз сиезі». – С.А.) Алаш Автономиясын құруының ізінше сайланған оның жоғарғы мемлекеттік атқарушы билігі – Алаш Орда Уақытша Бүкіл Қазақ–қырғыз Кеңесінің 15 мүшесі (комиссары) мен олардың 15 орынбасарының ішінде бірде-бір дін қайраткері - имам, ишан, хазырет көрінбейді. Міне сол себепті де Алашты қазіргі тәуелсіз Ұлы дала елінің аумағындағы дүниеге келген тұңғыш зайырлы мемлекет деп кесіп айта аламыз.
Жасыл ту қайдан шықты? Алаш тарихын зерттеушілерге мәлім, Алаш Орданың мүшесі болып сайлануына қарамастан, 1918 жылдың қаңтарында үкіметпен бірге Алаш қаласына көшіп барудан бас тартқан Ж. және Х. Досмұхамедұлдарының бастамасымен 1918 жылдың ерте көктемінде Жымпитыда өткен халық жиынында Ойыл уалаяты құрылды. Тағы сол С. Сейфоллаұлының «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында Ойыл уалаятының басшылығына сайланған Жанша мен Халелдің дін басыларының ықпалында болғанын төменгідей жақсы сипаттап берді:
«...«Алаш-орда» үкіметі екі бөлек, екі жерде. Күншығыстағысы Семейде. Күнбатыстағы Орал облысында, Жымпиты қаласында. Семейдегі «Алаш-орданың» бастығы: Әлихан Бөкейхан, Жымпитыдағы «Орданың» бастығы: Досмұхамбетов Жанша. Мүшелері: Халел, банағы Салық болыстар.
Бір күні, кешке, Күнбатыс «Алаш-орда» өкіметінің бастықтары жай кеңесіп отыр еді. Кеңес «Орданың» кеңсесінде емес, Халелдің пәтерінде еді. «Ордаға» Қуанай қазірет келген. Сол Қуанай қазіретті «Алаш-орда» өкіметі, құрметтеп, Халелдің пәтерінде қонақ қып сыйлап отырды. Өкіметтің сөзі қазіреттің алдында сыпайы, әдепті: - «Тақсыр», «қазірет», «құп..!» деседі. Ызбарланып қазірет отыр. Бетіне қарағанда: «Қытай жұртының құдайы ма?» деп ойлайсың. Қуанай қазіретті білмейтін Орал облысында бала жоқ. Қуанай қазіретті, Уфадағы, Қазандағы ноғай-башқұрттың мүфтилері де біледі. Мүфтиде қазіретті Қуанайды сыйлайды. Қуанай «Әулие»... міне қазірет жайылып, Халел Досмұхамбеттің үйінде отыр. Қазірет босқа сөз сөйлемейді. Қазіреттің әрбір сөйлеген сөзі ем. Қазірет ызбарланып, айнала қарап қояды. Өкімет мүшелері, молдадан қорыққан балаларға ұсап, сызылып отыр. Қазіретке қарап, аңшының иттеріндей қайпақтайды. Өкімет бастығы Жанша отыр» (Сейфуллин С. Тар жол тайғақ кешу. Тарихи-мемуарлық роман / Төртінші басылым.- Алматы "Жазушы", 1977.- 387 б.) .
№ 1 фотосурет
Ойыл уалаяты басшылары оның ІІ Бүкілқазақ-қырғыз құрылтайы құрған Алаш Автономиясының құрамдас бөлігі – уалаяты (облысы, аймағы) ретінде құрылғанын мәлімдеп келді. Алаш Автономиясының туы деп жүрген жасыл тудың жоғарғы жағында, шынында да, төте жазумен «Жасасын Алаш Аутономиясы!» деп жазылған болса, ортасында құран-кәрімнен үзінді келтірілген (Тағы да № 1 фотоны қара. – С.А.). Бірақ Мұстфа Шоқайдың атап көрсетуінше, оның «уалаят» деген (облыс, аймақ) атауы панисламшылдық пен пантүркіліктің күшеюінен оттан бетер сескенген Ресейдің төңкерісшіл демократтарының зәресін ұшырған, олардың «Ойыл уалаяты Түркиямен бірігуді көздейді» деген күдігін туғызған. Сол себеп болды ма әлде уалаяттың құрылуынан сепаратизмнің нышанын көрді ме, оны кесіп айту қиын. Әйтеуір Алаш Орда төрағасы Әлихан Бөкейхан 1918 жылдың 11 қыркүйегінде Уфада Ұлттық Кеңестің төтенше мәжілісін өткізіп, Ойыл уалаятын тарату, оның орнына Алаш Орда Ұлт Кеңесінің Батыс бөлімін құру, оның басшылығына Жанша мен Халел Досмұхаммедұлдарын тағайындау туралы үкімет қаулысына қол қойды. Демек, Ойыл уалаятының жасыл туы Алаш Орданың Батыс бөліміне қажет болмай қалды.
Онда Алаштың мемлекеттік туы, оның түсі қандай болды екен? Орыстың «Свободная речь» атты газетінің 1918 жылғы 22 маусым (№ 165) санында қазақ атты әскерінің Семейге келгені туралы «Прибытие в Семипалатинск киргизских отрядов» атты мақалада ақ түсті ту туралы сөз болады:
«Таяуда қырдан Семейге нұсқаушы орыс офицерлері бастаған қазақ жасақтары келіп жетті. Сәрсенбі күні, 6 (19) маусымда шамамен кешкі 6-да жасақтар қалада болды. Никольск шіркеуінің жанындағы алаңда олармен салтанатты кездесу ұйымдастырылды... АҚ ТҮСТІ ТУЛАРДА қазақ тілінде «Бүкілресейлік және Сібір құрылтай жиналыстары жасасын!», «Отанның адал ұлдары жасасын!» деген үндеулер жазылыпты...» (Прибытие в Семипалатинск киргизских отрядов. – Семипалатинск: «Свободная речь», 22.06.1918 г., №165).
Алайда бұл ақ түсті ту да Алаш Республикасының мемлекеттік туы емес, Алаш атты әскерінің жалауы болғанға ұқсайды. Ал енді «Алаштың туы қандай болды? - деген сұраққа тиянақты жауап көрнекті Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының (Сыртанов) 1911 жылы С.-Петерборда жазып қалдырған «Қазақ елінің Уставынан» (жарғысынан немесе конституциясынан) табылады. Қазақ конституциясының тұңғыш нұсқасы, тұңғыш қарлығашы ретінде бағаланған бұл құжатты Барлыбек пен Алаш көсемі Әлиханның 1910-1911 жылдары С.-Петерборда ұзақ пікірлесіп, сырласуының жемісі деп қарастырған әділ болады. Ашығын айтқанда Жарғы Алты Алаш көсемі Әлиханның тапсырмасымен жазылған тарихи құжат. Саяси үзеңгілесі әрі құрдас досы Барлыбектің 1914 жылы мезгілсіз қайтыс болуына орай жазған «Барлыбекті ұмытпасқа» атты азанама-мақаласында Әлихан 1910 және 1911 жылдары С.-Петерборда марқұм досымен халқының мұң-мүддесі, болашағы үшін күресудің, ұлт мүддесін қорғаудың әдіс-амалдары жөнінде терең талдағанын астарлап жеткізеді:
«...1910-1911-інші жылдары Жетісу қазағының жеріне қам қыламын деп Барлыбек Петроградта бірнеше ай жатты. Мінезі «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» еді...
Бұл жолы көп сөйлесіп Барлыбек мінезімен ашына болып едім. Ақ көңіл, қыз мінезді көріп едім.
Жетісу жері екі түрлі: Бірі Алатаудың малға күйлі белдеуінде, бірі егінге жайлы өзеннің өлкесінде. Мұның екеуіне екі түрлі әдіс мақсұт екен дескен едік. Мал баққан жұрт мал бағып тұра берсін, егінші жұрт мұжықша жер алсын, түптен келе жатқан егінші ғой, егін салып таласса, мұжыққа өз еншісін бермес дедік.
1911-інші жылы жазғытұры Петроградта тағы да өсітіп іс қылмақ болып, құшақтасып сүйісіп айрылып едік, үш жылда мұндай болмақ ойда жоқ еді» (Ғали хан. Барлыбекті ұмытпасқа. «Қазақ», № 90, 16.12.1914 ж. Орынбор. – 2 б.).
Міне Алаш арыстары - Әлихан мен Барлыбектің отаршыл орыс империясының астанасындағы осы екі кездесуінің нәтижесінде соңғысының қолынан «Қазақ елінің Уставы» дүниеге келді (№ 2 фотосурет). Қазақ және орыс тілдерінде қатар жазылған қолжазбаның соңына «13 маусым, 1911 жыл, Петербор қаласы, С. Б. Алашинский» (қазақшасында) және «13 июня 1911 года, Санкт-Петербург, С.Б. Алашинский» деп қол қойылыпты.
Енді құжаттың өзіне келсек, Қазақ конституциясының «Қазақ елі республикасының жеке болуы турасында» деп аталған 1-бабының 2 тармағында оның туына мынадай сипаттама берілген:
«Қазақ елінің жеке туы бар. Ту жасыл, қызыл һәм сары көлденең жолақтардан жасалады. Басындағы бұрышта ай һәм жұлдыздың суреті бар. Жасыл түс – елдің исламға берілгендігінің белгісі, қызыл – ел қорғауда төгілген қан, сары – қазақтың кең даласы, еркіндіктің белгісі» [7, Барлыбек Сыртановтың Уставы («Қазақ елінің Уставы»). – Алматы: ҚР Әділет миинистрлігінің хабаршысы, № 12, 1994. – 24-28 бб.] .
№ 2 фотосурет. Көрнекті Алаш қайраткерлері – құрдас, әріптес, дос Әлихан Бөкейхан (сол жақта) мен Барлыбек Сырттанұлы (оң жақта)
Осы сипаттама бойынша Қазақ елінің, яғни Алаш Автономиясы туының бірнеше жобалық нұсқасын (эскизін) жасап көрдік (авторлары С. Аққұлы, Х. Маслов). Нұсқамен жұмыс істеу кезінде біраз нәрсе еріксіз ойландырды. Біріншіден, бірінші нұсқасында үш түсті көлденең жолақ қалай – қандай кезекпен орналасуы керек: қай түсі бірінші, қайсысы ортада және қайсысы үшінші тұруы керек? Барлыбектің түсіндірмесінде жасыл түс бірінші аталған соң, оны бірінші қоюды, «қазақтың кең даласының, еркіндіктің белгісі» болып табылатын сары жолақты қақ ортасына, ал қазақтың «ел қорғауда төккен қанын» - қызыл жолақты – үшінші етіп қоюды дұрыс деп есептедік.
Екіншіден, «Қазақ елінің жарғысы» авторының сипаттамасында тудың бас бұрышында ай мен жұлдыз бар, бір-ақ жұлдыз. Міне Алаш Ұлттық Жерлі Автономиясының мемлекеттік туының ең соңғы нұсқасын оқырман назарына ұсынамын (№ 3 фото).
№ 3 фотосурет: Алаш туының 1-нұсқасы
Жоғарыда тоқталып өткен Алаш елтаңбасы, әнұраны Автономия құрылғаннан кейін ғана жасалған болса, мемлекеттік туының жобасы сонау 1911 жылдың 13 маусымында отаршыл Ресей империясының астанасында дүниеге келгендіктен, баспа бетінде оны талқылап әуре болмауды жөн көрсегенге ұқсайдык. Қорыта айтқанда, бұдан былай Алаш Автономиясының туы қандай болды деген сұрақ қайтып тумас деген үміт бар.
Мақала BR05236848 бағдарламалық мақсатты қаржыландыру жобасы және AP05132901 гранттық жобасы аясында жарияланып отыр.
Новости по теме
О чем мечтала «Алаш Орда»?
Как выяснилось, без знания казахского языка делать какие-то выводы о нашей истории делать надо, как минимум, осторожно. Исследователь, посвятивший десятилетия теме истории национально-освободительного движения «Алаш» и правительства «Алаш Орда», Султан Хан Аккулы, на основе архивных документов доказывает, что сто лет назад могло появится великое государство. Начало, пожалуйста, читайте здесь.
06.05.2019 14:05Ответ «знатокам» истории Алаш
Интерес к теме «Алаш», одной из ярчайших страниц национальной истории, похвален. Однако ее «любительская трактовка», особенно в духе советских традиций, вызывает вопросы.
02.05.2019 15:05Триумф идеи и партии «Алаш»
В выборах во Всероссийское Учредительно собрание, состоявшиеся в Казахской степи 100 лет назад — 12-18 ноября 1917 года, казахская партия «Алаш» одержала безоговорочную победу над всеми оппонентами, в числе которых была и большевисткая.
16.11.2017 14:11